Бейбіт күннің батырлары
Бейбіт күннің батырлары
Олар ажалмен бетпе-бет келіп, адам өмірі үшін күреседі. Қызыл жалынның ортасына кіреді, асау судың ағысына қарсы жүреді. Өзгені құтқару үшін өз басын қатерге тігеді.
Бүгін осы ерлік иелеріне мемлекет тарапынан құрмет көрсетілді. Өйткені бейбіт күннің де өз батырлары бар. «Құтқарушы» сөзінің мағынасы – өте кең әрі терең.
«Құтқару» – әрдайым игі іс жасаумен, жақсылық істеумен байланысты ұғым. Адам өміріне араша түсу, азаматтарды қауіп-қатерден қорғау, оқыс жағдайға тап болған адамдарға қол ұшын созу, тіпті олардың қорқынышын басып, жұбату сөз айту – осының бәрі де нағыз құтқарушының бойынан табылатын асыл қасиеттер. Сондықтан халқымыз сіздерді, яғни еліміздің барша құтқарушы мамандарын бейбіт күннің батырлары деп атайды.
Бұл – шын мәнінде әділетті баға. Әрине, құтқарушы болу көптің алғысына бөлейтін абыройлы және мәртебелі қызмет екені сөзсіз. Алайда азаматтық қорғаныс саласында адал еңбек ету бәрінің қолынан келе бермейтін шаруа екенін де ұмытпауымыз қажет.
Батыл, қайсар, ширақ әрі өжет болу – өз алдына өте маңызды талап екені даусыз. Бірақ құтқарушы ең алдымен елге жаны ашитын отаншыл азамат және білікті маман болуға тиіс. Осындай күрделі жұмысты рухы мықты, жауапкершілігі жоғары, жүректі адамдар ғана таңдайды.
ТЖМ-де жұмыс істеймін. Жұмыс істегеніме 11 жылдай болды. Бүгін Президенттің алдына кіріп, «Ерлігі үшін» медалін алып жатырмыз.
Қобалжып тұрмыз. Басында келгенде құтқарушы болдым. Одан кейін жай-жай тәжірибе жинап, бас құтқарушы болдым.
Біздің шақыртуларымыздың бәрі сол ғой, өмір мен өлім арасында. Ең ауыры – кішкентай баланың мәйітін көру, сол есте қалып тұр. Көп ойламауға тырысамын.
Моральдық-психологиялық тұрғыда өз-өзіңді ұстау керек. Әрине, қорқады. Құтқарушылардың жұмысы көбіне ел көзінен таса өтеді.
Ал олардың ерлігі адам өміріне қауіп төнген сәтте айқын көрінеді. Бір сәттік батыл шешім бүтін бір отбасының тағдырын өзгертуі мүмкін. Сондықтан бұл мамандықтың басты өлшемі — атақ та, марапат та емес, аман қалған адам өмірі.
Қырмызы Жандос, «Еуразия» бірінші арнасы.